Алаяққа алданып қалмаңыз

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Алаяқтық қылмысы кең көлемді әдіс-тәсілдермен жасалатын және оның негізгі мақсаты алаяқтармен жәбірленуші адамдардың ақша қаражаттарын немесе қандай да бір пайда табуға болатын мүліктерін иемдену болып табылады.

Алаяқтық қылмыстары соңғы кездері елімізде белең алып, алаңдатып отырған басты мәселенің бірі болса, халықты алдау арқылы оңай олжа табуды көздеген алаяқтар саны күн санап өспесе кемімеуде. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен осы қылмыс түрінің тамырына балта шабу мақсатында ағымды жылы прокуратура органдарының басымды бағыты ретінде бекітіп, алаяқтықтың алдын алуға, болдырмауға бағытталған барлық шараларды қолдану міндеттелді.

Жалағаш аудандық прокуратурасымен 2015 жылдың 12 айында қадағалау аумағы бойынша алаяқтық қылмыстарына талдау жасалды. 2015 жылдың 12 айында алаяқтық қылмыстары 5-тен 9-ға немесе 14,2% өсім алған, тіркелген 9 алаяқтық қылмыстарының 7-і негізінен қарау үшін сотқа жолданып, сот үкімі қабылданса, 1-і ақталмайтын негізде тараптардың татуласуына байланысты қысқартылып, 1-і тергеп-тексеру мерзімі үзілген.

Бұл тұрғыда алаяқтар әр түрлі айла-тәсілдер ойластырып, оның ішінде төмендетілген пайызбен немесе тиімді жағдаймен «несие алып беремін», «ұялы телефоныңды бере тұршы, қоңырау шалып алайын», «жұмысқа орналастырып беремін», «қосалқы бөлшектерді», «ұялы телефондарды» және басқа да интернет-саудамен заттар жеткізіп берумен және «әртүрлі акциялар өтіп жатқандығы» жөнінде СМС-тер жіберумен байланысты. Бұл сенгіш қарапайым халықтың көмегімен пайда тауып қалуды көздеген алаяқтардың тек бірнеше әдіс-тәсілі, түрі мен сызбасы ғана, алаяқтықтың түрі көптеп таралған. Соның ішінде ауданымызда алаяқтық жасаудың кең тараған әдісі, белгілі бір мүлік иелеріне, оның ішінде мал егелеріне малының орнына жақсы мал әкеліп беремін деп малын алып кету, жұмысқа тұрғызып беремін деп алдау болып табылады.

Мысалы, Жалағаш ауданының тұрғыны 2014 жылы маусым, желтоқсан айларының аралығында ауданның 5 тұрғынының еркек жылқы малдарын ұрғашы малға ауыстырып беремін деп, сиыр малын аналық сиырын бұзауымен бірге әкеліп беремін деп алдап алып, қайтармай, өз бас пайдасына жаратып жіберген. Бұл деректер Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен (бірнеше рет жасалған алаяқтық) 5 қылмыс тіркеліп, тергеп-тексеру нәтижесімен негізінен қарау үшін сотқа жолданып, сот үкімімен қылмыс жасаған тұлға 2 жыл сынақ мерзімі тағайындалған. Алаяқтық қылмыстарының өсім алуының бір негізі-халықтың басым бөлігінің әркімнің алдауына әлі де болса сеніп, заңды жетік білмеулері де септігін тигізіп, қылмыскерлердің құрбанына айналуына әкеп соқтыруда.

Алаяқтық көбінесе белгілі жағдайда жасалып, онда жәбірленушімен қатар, сол қаражатты немесе мүлікті алдап алған адамда белгілі. Оларды негізінен ұсақ-түйек алаяқтар құрап отыр. Алаяқтықтар өздерінің құрбандарын моральды-психологиялық тұрғыдан зерттеп, өзінің пиғылын жүзеге асыру үшін болатын деректерді бұрмалаушылықпен көрініс тапқызып, жәбірленуші тұлғаға өзінің негізгі ойы алдау туралы жалған елес тудырып, ауызша сөз нысанында немесе әртүрлі әрекеттермен алдап соғады.

Бұларға қоса тағы бір дерек, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа тұрғызып беремін деп алдауы, өткен жылы 3 адамнан жұмысқа алатынын айтып алдап, сол үшін әр қайсысынан ақша қаражаттарын алып, жұмысқа орналастырмағаны үшін 1 лауазым иесіне қатысты қылмыстық іс тіркеліп, ол сот үкімімен жазаға тартылған.

Жалағаш аудандық прокуратурасымен қадағалау аумағындағы қылмыстық қудалау және уәкілетті органдарымен алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау және әшкерелеу бағытында пәрменді іс-шаралар атқарылуда. Осы тұрғыда, алаяқтардың арбауына түсіп, алданбау үшін және олардың құрбанына айналмау үшін барлық сақтық шараларын қабылдап, жұмысқа орналасу, несие алу және басқа да алаяқтық түрлері бойынша заң органдарынан немесе тиісті уәкілетті органдардан түсіндірмелер алып, мұндай қақпанға түсіп қалудан аулақ болуды ескертеміз.

 

Хатиша  Жұмағұлова

Жалағаш ауданының прокуроры

аға әділет кеңесшісі