Билік өкіліне күш қолданғандар заңмен жазаланады

20 қараша 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Билік өкіліне күш қолданғандар заңмен жазаланады - 1551540097

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес еліміздің ең қымбат қазынасы - адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.

Сол себепті, азаматтардың конституциямен кепілдік берілген құқықтарын қамтамасыз етуде, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда бірден-бір жауапкершілік полиция органдарына жүктелген.

Алайда, өміріміздің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында полиция органдары қызметкерлері өз өмірі мен жақындарының өміріне қашанда қауіп төнетінін біреуі білсе, біреуі білмейтіні анық.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында оған күш қолдану немесе күш қолдану қатерін төндіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабында  қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Осы орайда, Байқоңыр қалалық прокуратурасымен жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, ағымдағы жылы ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты күш қолдану дерегі бойынша қозғалған 4 қылмыстық іс сотқа жолданып, оны сотпен қарау барысында құқықбұзушы тұлғалар кінәлі танылып, жаза тағайындалды.

2019 жылдың маусым айында Байқоңыр қаласының қоғамдық тәртібі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында  РФ ІІМ-нің «Байқоңыр» кешеніндегі басқармасы қызметкерлерімен құқықбұзушы А.Божедомов қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені үшін ұсталып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтыру мақсатында медициналық мекемеден куәландырудан өткізуге жеткізілген. Алайда, құқықбұзушы медициналық мекемеге жеткен бетте қызметтік көліктен түсер сәтте полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамай оларға қатысты күш қолдану дерегі орын алып, қылмыстық іс қозғалған.

Қылмыстық істің сотта қаралу барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындайтындығын, жасаған әрекетіне шын ниетпен өкінетіндігін көрсетті.

Осыған орай, мемлекеттік айыптаушы тарапынан сотталушының әрекеті  қоғамдық қауіпті екендігі көрсетіліп, соттан бас бостандығынан айыру жазасына тағайындау сұралды.

Нәтижесінде, прокурордың қорытындысы сотпен қанағаттандырылып, сотталушы А.Божедомов ҚР ҚК-тің 380-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстың өтеуі - жаза болып табылады. Билік өкілдеріне күш қолдануға жол берілмейді. Қала прокуратурасы осы санаттағы қылмыстық істердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерінің ақырына дейін жеткізу бағытында тиісті қадағалау жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.

Сондықтан, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет жасап жүрген билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, күш қолдану қауіпін тудыру бағытындағы әрбір заңсыз әрекет үшін тиісті заңмен көзделген жауаптылықты естен шығармаған жөн.

Байқоңыр қаласының прокуратурасы

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу