«БІЗДІҢ МАҚСАТ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН АРТТЫРУ»

03 ақпан 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
«БІЗДІҢ МАҚСАТ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН АРТТЫРУ» - 244945567
     Қызылордалықтардың құқықтарын, мемлекет мүддесін қорғау жолында облыстық прокуратура өткен жылы бірқатар нәтижелі жұмыс атқарды. Оның ішінде алимент пен әкімшілік айыппұл өндіру, қылмыстың алдын алу бағытындағы бастама оң нәтиже берді. Жыл бойғы шаралар қорытындысы, қадағалаушы органның алдағы жоспары, заңнамалардағы өзгерістер жөнінде облыс прокуроры Нұрлан Бижановпен болған сұхбатта кеңінен қамтылды.
 
 
– Соңғы кезде өңірде қара жолда болатын қайғылы жағ­дай көбейді. Өткен желтоқ­сандағы жұртты шулатқан жол апаттарынан қаншама адамның өмірі қиылғанын, ден­саулығына зақым келге­нін білесіз. Осы сияқты оқи­ғалардың қайталанбауы үшін не атқарылып жатыр?
– Қызылорда жолдарының сапасы басқа қалалармен са­лыс­тырғанда жақсы. Асығып жү­ретіндей қала үлкен емес. Негізгі мәселе – жол жүру мә­де­ниетінің төмен екенінде. Мұ­­ны сырттан келген адам бірден бай­қайды. Көлік рулін тізгін­дегендер жел­мен жарыс­қандай жүйткиді. Бірақ кісіге кесірі тиетінін ой­лай бермейді. Адамның іш­кі мәдениетін көтермей, айна­ла­сындағы­лар­ға құрметін арт­тырмай мә­се­­ленің шешімі бол­майды. Қай-қай­сымыз да ең әуелі заңға бағынуымыз керек. Заң үс­темдік құрған кезде ғана қо­ғамда тәртіп орнап, аза­мат­тар­дың өмірі мен қауіпсіздігі үшін алаңдамас едік.
Облыстық прокуратура был­тыр 6 айдағы жол-көлік оқи­ғасы жөніндегі қылмыс­тық іс­тер көрсеткішіне, полиция ор­гандары атқарған профилак­ти­калық шаралардың тиімділігіне талдау жасаған еді. Ол тамыз айында өткен үйлестіру кеңе­сінің кезекті отырысында тал­қыланып, полиция мен жер­гілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма берілді. Жас­өспірімдердің қатысы бар өкі­нішті жағдайлардың жиі­леуіне байланысты тәртіп сақшылары барлық мектеп орналасқан кө­шелердегі көлік қозғалысын үш мезгіл бақылауға алды. Жер­гілікті телеарналарда облыстық полиция органдары мен ден­саулық сақтау бас­қармасы бір­лесе әзірлеген жолда жүру мә­дениетін қалыптастыру туралы бейнежазбалар көрсетілді. Ай­­мақ басшылығына Қызыл­ор­да қаласында «Сергек» ка­ме­раларын орнату жөнінде ұсыныс бердік. Өйткені ол өзі­нің тиімділігін дәлелдеп үл­гер­ді. Нұр-Сұлтан, Алматы қа­ла­ларындағы аппараттық бағ­дарламалық жүйенің арқасында қайғылы оқиғалар біршама азайған. Мұндай кешен жақын уақытта Түркістан, Атырау қа­лаларында іске қосылады.
Жол-көлік оқиғаларының азаймауына қадағалау жүйе­сінің әлсіздігі де себеп. Мы­салы, қо­ғамдық резонанс ту­дырған өткен айдағы жол апат­тары ке­зінде бірнеше адам көз жұмды. Ол жөніндегі қыл­мыстық істерді облыстық полиция департаментінің тер­геу басқармасы өндіріске алып, арнайы прокурорлар айқын­дал­ды. Бұл істер – біздің басты на­зарымызда.
– Қылмысты болдырмау, оның себептерін анықтау мақ­сатында былтыр басталған профилактикалық шаралар қаншалықты нәтиже берді?
– Біз қылмысқа бейім – бұ­рын сотталған, маскүнем, на­шақор, отбасының шырқын жиі бұзатын 3 мыңға жуық адамның тізімін жасадық. Олар­ды тәуекел дәрежесіне қа­рай қызыл, сары, жасыл деп 3 санатқа бөліп, уәкілетті орган өкілдерінен құрылған арнайы топтармен күнделікті жұмыс жүргіздік. Тәртібі мен тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне қарай са­наттары өзгеріп, тізім үнемі жаңғыртылып отырады.
Өңірдегі қылмыстылық мә­селесіне қатысты ұсыныста­ры­мызды облыс әкімі қолдады. Оның ішінде мал ұрлығы, алаяқтық қылмыстары, жергі­лікті полиция қызметінің Қы­зылорда қаласындағы пат­­руль­дік бағыттары жан-жақ­ты талқыланып, уәкілетті орган­дарға тапсырма жүктелді. Құ­қық­бұзушылықтар профи­лак­тикасының жаңа кешенді жос­пары бекітілді. Осындай жұ­мыс нә­тижесінде 2019 жыл қорытындысымен қылмысты­лық деңгейі 19 процентке неме­се 8129-дан 6563-ке кеміді.
– Профилактикалық ша­ра­лардың жүргізілуінің кемі жоқ. Соған қарамастан қара­пайым халықтың қалтасын қағатын алаяқтар айылын жимай отырғанға ұқсайды...
– «Оңай жолмен қомақты табысқа кенелесіз» деген жы­лы сөз­ге көпшілік әлі күнге сенеді. Біздің кемшілігіміз де – осы. Алаяқтың арбауына түс­пей тұрып, оны зерттемейді. Әйтпесе, әлгі жылы сөздің рас-өтірігін құзырлы мемлекеттік органдардан анықтап алуға бо­лады. Ескеретін нәрсе, «үй, жер кезегін шешіп беремін, төмен процентпен несие әперем» де­гендей ұсыныстарға мүлдем сенбеу керек. Бұл бағыттағы жұмыс елімізде бірыңғай есеп­тік жүйе бойынша жүргізіледі. Заңбұзушылық байқалса, нақ­ты дәлел табылса, құзырлы ор­гандарға шағымдануға болады.
Бір ғана мысал, қызылор­далық азаматша қаржылық (ин­вестициялық) пирамида құ­рып, 534 миллион теңге пай­да тапқан. Бар-жоғы 2 айда оңай олжадан дәмелі 350-ге жуық адамға кесірі тиген. Көп ұзамай ол құрықталды. Кәме­лет жасына толмаған 6 бала­сының болуына, шынайы өкі­­нуіне байланысты сот айып­та­лушының бас бостан­дығын 1,5 жылға шектеді. Бірақ ол бұ­дан нәтиже шығармай, қай­тадан ескі әніне басқан. Қа­лалық полиция басқармасы қа­зір қайталанған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Күмәнданып тұрса да әдемі сөзге сеніп қалатындар аз емес. Біз алаяқтықтың зардабы, сал­дары туралы жергілікті тұр­ғындарға түсіндіру ісін жолға қойдық. Сәйкесінше, өткен жы­лы осы санаттағы қылмыс дең­гейі 4 процентке төмендеді. Мұндай келеңсіздікке көбіне жұ­мыссыздар баратыны анық­талып отыр. Сол себепті жер­гілікті атқарушы органдар аза­маттарды жұмыспен қамту мәселесіне барынша көңіл бө­луі қажет.
– Ауылдағы ағайынды қо­радағы маңдай термен баққан малынан айыратындарға қа­­тысты жаза қатайды. Бұл ұры­ларды тоқтата алар ма екен?
– Далада жайылып жүрген малға бақылау болмаса, ұр­лық­ты тоқтату мүмкін емес. Оның үстіне, осыған дейін ұс­талған күдіктілерді сотқа дейін жет­кізіп, жазалау мүмкін болмады. Өйткені қай-қайсысы да мал егесімен келісіп, шығынын өтеп, кешірімін алған. Ал жазадан құтылған адамның қайталап қылмыс жасамайтынына ке­піл­дік жоқ. Бұдан былай еш­кім сытылып кете алмайды. Заң өзгерді. Қылмыстық ко­декс­тің талабына сәйкес бір­неше рет ұрлық жасағанға, үй-жайға заңсыз кіргенге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сонымен қатар, жәбірленушімен татуласуға жол бе­рілмейді.
Жазаның күшейгеніне қара­мастан, жайылымдағы малға ба­қылау жұмысын ұйымдастыру жалғасады. Былтыр маусымда облыс әкімдігі жанында ведом­ст­воаралық жедел мәжіліс өтіп, барлық қала, аудан, кент, ауыл­дық округ әкімдеріне пада ұйым­дастыру тапсырылды. Сөй­тіп, Жаңақорғанда 1 қазан­нан бастап жұмыспен қамту арқылы 12 ауылға 24 падашы белгіленді. Олардың жалақысы үшін 4,8 миллион теңге қа­ралды. Бұл бағыттағы жұмыс басқа аудандарда да атқарылып жатыр.
2019 жылы 3,5 мыңнан астам ұрлық тіркелсе, соның 405-і немесе 11 проценті – мал ұрлығы. Бұл 2018 жылмен (468) салыстырғанда 13 процентке төмен. Мал ұрлығы жалпы облыс көлемінде азайғанымен, Аралда – 3 процентке (38-ден 39-ға), Қармақшыда – 9 процентке (44-тен 48-ге), Жа­ңақорғанда 36 процентке (45-тен 61-ге) көбейген.
– Енді әлеуметтік-эко­но­микалық бағыттағы жұмыс­қа ойыссақ...
– Заңдардың орындалуы, азаматтардың құқықтарының қорғалуы бойынша былтыр бірнеше мәрте тексеру жүргі­зіліп, мыңнан астам тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Қа­дағалау шараларының нә­ти­­жесінде 5 мыңнан астам адам­ның, оның ішінде мүмкін­дігі шектеулі 2 мыңға жуық бала­ның құқығы қорғалды. Жыл басынан бері 136 миллион теңге жалақы қарызы өндірілді. Әлі 140 жұмысшының 15 миллион теңгедей алашағы бар. Шетелдік жұмыс күшін тарту үшін заңсыз рұқсат алып, жұмысшылардың тиісті проценттік шарттарын сақтамаған «Чайна Триумф Ин­тернэшнл Инжиниринг» ком­паниясының рұқсаты кері қай­тарылып, онда заңсыз жүрген 120 қытайлық ел аумағынан шығарылды.
Атқарылған жұмыс нәти­же­сінде аймақта 1074 жер телімінің игерілмегені анықтал­ды. Оның 400-і – кәсіпкерлік, қалғаны – ауыл шаруашылығы мақсатындағы. 17 мың гек­тар­ды құрайтын, құны 2 мил­лиард теңгеге жуықтайтын иге­рілмеген 84 жер учаскесі мем­лекетке кері қайтарылып, аумағы 242 мың гектар болатын, құны 1 миллиард теңгеден аса­тын 643 жер учаскесі игеріле бастады.
Прокуратураның бастама­сымен облыс әкімінің өкіміне сәйкес Арал теңізіндегі заңсыз аңшылық пен балық аулауға қарсы профилактикалық жұ­мыс­шы тобы құрылды. Арнайы топ­тар жұмыс істеп, балық өні­мін заңсыз аулаудың 4 дерегі бойынша сотқа дейін­гі тергеп-тексеру амалы бастал­ды. 116 тұлға әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылды. 4 тонна балық тәркіленіп, 80 ба­лықшының құжаттары сәй­кестендірілді. Сексеуілді заң­сыз кесудің 4 жағдайы анық­талып, бұл тергеп-тексеру ама­лын жүргізуге негіз болды.
Мүмкіндігі шектеулі жан­дар мен көші-қон мәселесі об­лыстық прокуратураның алқа мәжілісінде, жер мәселесі облыс әкімдігіндегі ведомствоаралық мәжілісте қаралып, уәкілетті ор­ган­дарға тиісті тапсырма бе­рілді.
– Сот актілерінің орын­далуы, оның ішінде алимент өндіру жайы тұрғындарды жиі толғандырады. Осы бо­йынша қандай жұмыс ат­қа­рылды?
– Сот актілерінің орын­да­луына байланысты былтыр біз жер­гілікті полициямен, сот орын­даушылармен бірге үй-үйді аралап, туған ұл-қызы­ның нәпақасын төлемей жүрген­дер­дің тізімін әзірледік. Олар­дың жұмысы, табысы бар-жо­ғын анықтадық. Жыл­жи­тын, жылжы­майтын мүлкіне дейін есепке алдық. Бірін­ші кезекте азаматтардың жұмыс­қа орна­ласуына, сол арқылы алимент төлеуіне ықпал жасадық. Көбі екі қолға бір күрек тауып, еңбек етуді бастады. Сәйкесінше, тап­қан жалақысынан алименті ше­герілді. Кейбір жағдайларда көліктерін немесе басқа мүлкін тәркілеп, саудаға шығаруға тура келді. Одан түскен қара­жат балаларының есебіне ау­да­рылды. Сөйтіп, алимент бо­йынша 576 миллион теңге қа­рыздың 407 миллионы немесе 70 проценті өтелді. Жұмыссыз борышкерлер саны 3,9 мыңнан 1,1 мыңға азайса, әкімшілік жа­уапкершілікке тартылған бо­рышкерлер саны 15-тен 294-ке немесе 94,5 процентке артты. Тұрақты түрде алимент алатын балалар саны 4 мыңнан 9 мыңға көбейді. Жыл соңында алимент өндіру бойынша біздің облыс республикада екінші орынға тұ­рақтады.
Бұдан бөлек, басқа да сот актілерінің орындалуы жөнінен өткен жылы мемлекетке 10 мил­лиард теңгеден астам кіріс түсірдік. Бақылаушы орган­дар тарапынан салынған 1,6 мил­лиард теңге әкімшілік айып­пұлдың 1,1 миллиарды неме­се 72 проценті өндірілді. Жыл басында айыппұл өндіру көр­сет­кішінде Қызылорда 13-ші орын­да болса, жыл соңында бі­рін­ші орынға шықты.
– Құқықбұзушылық про­фи­лактикасын жүргізуде, әлеу­меттік мәселелерді шешу­де жалпыға ортақ тағы қан­дай тың бастамаларды қолға ал­дыңыздар?
– Президент қызметіне кі­рі­су рәсімінде сөйлеген сө­зін­де: «Билік халықтың сұра­­ны­сын естуге және оны жергілікті жерлерде шешу­­ге міндетті», – деді. Осының негізінде облыстық проку­ратура «Заң керуені» акциясын ұйымдастырып, ол барлық ел­­ді мекенді қамтыды. Мақ­сат – тұрғындарды мазала­ған сұрақтарға жауап беріп, жер­гілікті деңгейдегі мәселе­лерді шешуге құқықтық көмек көрсету. Мұндай шаралар ха­лықтың билікке сенімін арт­тырып, мәселелерді жедел ше­шіп, тұрғындардың негіз­сіз сергелдеңге түсуін, өтініш­тердің созбалаңға салынуын болдырмауға ықпалын тигізеді. Шара ауылдардағы халықпен кездесу, жеке қабылдау, әлеу­меттік нысандардың жағдайын білу, аула немесе көше ара­лау арқылы тұрғындармен әң­гі­мелесу, елді мекеннің жал­пы жағдайын зерделеу ны­са­нында өтті. Акция аясында про­куратура қызметкерлері ай­мақ көлеміндегі 135 елді мекенге барды. Кездесуге 6 мыңнан астам адам қатысып, 500-ден астам мәселе көтерді. Тұрғындарды ауызсу, мал ұр­лығы, жол сапасы, қоғамдық көлік, интернетпен қамтылу, жол белгілерін қою, дәрігердің жетіспеуі, жедел жәрдем кө­лігінің болмауы сияқты мәсе­лелер көп мазалайтынына кө­зіміз жетті. Олардың барлығы облыс әкімдігі мен жауапты департаменттерге хат түрінде жолданып, орындалуы бақы­лауға алынды.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының облыстық фи­лиалы және кәсіпкерлер пала­­тасымен бірлесіп, «Кәсіп­кер­лерге қызмет» акциясын ұйым­дастырдық. Акция бары­сында кәсіпкерлікті қолдауға ба­ғытталған республикалық жә­не облыстық бағдарламалар шеңберіндегі қолдау түрлері мен шарттары түсіндірілді.
– Кейбір заңнамаларға енгізілген өзгертулер мен то­лықтыруларға тоқталып өт­сеңіз...
– Бұл шара Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылды. Негізгі мақсат – қо­ғамдағы өзекті бағыттар бо­йынша жасалған қылмыстарға жазаны күшейту. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс, мал ұрлығы, заңсыз аңшылық, есірткі қыл­мыстарының дәрежесі ауыр­лап, жаза күшейді. Мас күйін­де жол қозғалысы ережесін бұ­затындарға қатысты Қылмыс­тық кодекске жаңа бап енгізіліп, онда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылды. Бұған қоса, қылмыстық-про­цестік және қылмыстық атқару заңнамаларына адамдардың құ­қықтарын қорғауға бағытталған өзгертулер енгізілді. Мұндай жаңалықты халыққа жеткізу – құқық қорғау органдарының негізгі міндеті. Осы мақсатта прокуратура қызметкерлерінен құрылған жұмыс топтары ірі еңбек ұжымдары мен ұйым­дарда түсіндіру шара­ларын бас­тап кетті. Өйткені құқық­бұзушылық профилактикасы еш­қашан күн тәртібінен түспей­ді. Біздің мақсат – заң үстемдігін арттыру.
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Әңгімелескен
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы» .
25-01-2020ж.