Қызылордада құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

25 маусым 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

21 маусым 2019 жыл, Қызылорда қаласы. Бүгін Қызылорда облысының прокуратурасының бастамасы негізінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын-алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы филиалының, «Атамекен» ҰКП, өкілдері жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Облыс прокуроры және Полиция департаментінің бастығы өз баяндамаларын жасап, бірлескен шараларды қолдану нәтижесінде аймақтағы қылмыстылық 12 пайызға төмендегенін жеткізді. Оның ішінде, кісі өлтірудің саны - 35% (20-дан 13-ке), қарақшылық - 42% (85-тен 56-ға), ұрлық -12% (2034-тен 1785-ге) төмендеген.

Алайда жағдайды жақсарту үрдісі тұтастай аймақта қалыптасып отырған жоқ.

Мәселен, Арал, Шиелі аудандарымен Байқоңыр қаласында қылмыстылық ұлғайса, ауыр қылмыстар бойынша Қазалы және Қармақшы аудандарының көрсеткіштері жоғарылауда.

Талдау көрсеткендей, құқық қорғау органдарының профилактикалық есепте тұратындармен жұмысы қылмыстылық жағдайына елеулі әсер етуде.

Ағымдағы жылдың тек 5 айында есепте тұрған 459 адам қайта қылмыс жасаған. (Оның ішінде 3 кісі өлтіру, 6 денсаулыққа ауыр зиян келтіру,  4 зорлау, 17 тонау және 200 ұрлық).

Осыған байланысты, құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалардың тізімі жасалып, тәуекел топтары анықталды, учаскелік инспекторлар мен уәкілетті мемлекеттік органдарға олармен жұмыс жасау алгоритмі әзірленді.

Көңіл көтеру орындарында қылмыстардың алдын-алу қажеттілігі айтылды.

Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов талдау нәтижесімен қылмыстар жиіжасалатын көңіл көтеру орындары анықталғанын атап өтті. Осы орындардың бірінде тек жыл басынан бері 11 бұзақылық фактісі мен суық қаруды қолдану арқылы ауыр дене жарақатын салу деректері орын алған.

Мұның себебі бұл орындардың қауіпсіздік қызметтерінің болмауы және жұмыс уақытының ретсіздігі. Осындай орындардың иелеріне қылмыстардың алдын-алу шараларын қолдану қажеттілігі мәселесі қойылып, орындалмаған жағдайда олардың жауапкершілігі көтерілетін болады.

Облыс прокуроры мал ұрлығымен күрес жағдайына тоқталып, жыл басынан бері 188 фактімен олардың иелеріне келген залалдың көлемі 54 миллион теңгені құрағанын жеткізді.

Бұл фактілердің көпшілігі малды ұйымдасып бағудың болмауы салдарынан туындағаны анықталды.

Мәселен, Шиелі ауданында ұйымдасып бағу деңгейінің төмендігінен жыл басынан бері олардың ұрлығы 39%-ға артса, мал жайылымын ұйымдастыру жағдайы жақсы Сырдария ауданында ұрлық деректері 48%-ға азайған.

Осыған байланысты басқа өңірлердің озық тәжірибесін қолданудың маңыздылығын атай келе, облыс прокуроры ауылдық округ әкімдерін ұйымдасып мал жаю деңгейін 100%-ға жеткізуді міндеттеуді ұсынды.

Комиссия отырысында алаяқтықпен күрес мәселелері де талқыланды. Биылғы жылы олардың саны 35%-ға өсіп, азаматтарға 295 млн. теңгеге зиян келген.

Көбіне алаяқтар тұрғын үй, жер алуға және жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеміз деген желеумен адамдардың ақшасын иемденуде. Сондықтан, азаматтар үшін маңызды мәселелерді белгіленген процедуралар шеңберінде шешу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу осындай фактілерді азайтуға септігін тигізеді.

Берілген ұсыныстарды ескеріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына тиісті толықтырулар енгізу қажеттілігі атап өтіліп, облыс әкімінің қолдауын тапты.

Өз баяндамасының соңында облыс прокуроры халық арасында құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік принципін қалыптастырудың маңыздылығын айта келе, «Заң керуені» науқанының басталғанын жариялап, оған жергілікті атқарушы органдарды, «НұрОтан» партиясының филиалын, «Атамекен» ҰКП-ын, мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды қатысуға шақырды.

Отырыс нәтижесімен берілген тапсырмалардың орындалуы облыстық прокуратураның бақылауына алынды.

 

Қызылорда облыстық прокуратурасы

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу