Алаяқтардан сақ болайық!

16 наурыз 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Байқоңыр қаласы прокуратурасы қадағалау аумағында жиі орын алатын алаяқтық қылмыстарға талдау жүргізді.

Талдау барысында қадағалау аумағында  алаяқтық санатында 2018 ж. 22 қылмыс тіркелсе, 2019ж. олардың саны 25-ке жетіп, өсім алғандығы анықталды.

Ақпараттық технологиялардың даму көрсеткіші артқан сайын қоғамда алаяқтық қылмыстардың түрлері мен жасалу жолдары күрделенуде.

Алаяқтар әсіресе интернет желісі арқылы мобильдік «Whatsapp», «ВК» қосымшаларының мүмкіндігін кеңінен пайдаланып, қаржы пирамидасы секілді чатқа «Тез әрі жеңіл ақша тапқыңыз келеме? 5000 теңге салсаңыз, 7000 теңге аласыз, 10000 теңге салсаңыз, 15000 теңге  аласыз» деген мәтінде смс хабарлама таратып, тұрғындарды алдауын жалғастыруда.

Бұл өз кезегінде, құқық қорғау органдарының қылмысты ашуда түрлі қиындықтарға кезіктіреді. Себебі, аталған топты ашқан тұлғалардың өзге қалаларда немесе елдерде болуы және жәбірленушілерді толық анықтауға кететін уақыттың ұзақтығы, істі тергеп-тексеруді бірнеше айға созады.

Бұдан бөлек, тұрғындар әлі де алаяқтардың ескі әдісі - табысы жоғары жұмысқа орналастыру немесе пәтерге, жерге мұқтаж азаматтарға оны кезектен тыс алып беремін деген жалған сөздеріне сенуді доғармауда.

Бұл ең бірінші тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігімен байланысты. Себебі, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан осы секілді қылмыстардың орын алып жатқандығын естісе де, оларға мән бермей бар жиған қаржысынан айырылуы құқық қорғау органдарын алаңдатады.

Соған қарамастан, құқық қорғау органдары алаяқтық қылмыстарды анықтап, жолын кесіп, әділетті сот шешімін шығаруға әрекет етуде.

Мысал келтірсек, 50 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін «Т» есімді қала тұрғыны  қала әкімшілігі атынан кезектен тыс пәтер алып беремін деген жалған уәде беріп,  4 азаматшаның сеніміне кіріп, алдап, жалпы соммасы 807 мың теңге қаржылық шығын келтірген.

Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізу барысында күдікті «Т» өз кінәсін толық мойындап, Байқоңыр қаласының прокуратурасына кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісімге келу жөнінде өтініш түсірген.

         Қала прокуратурасы күдіктінің өтінішін қарау барысында оның бұрын сотты болмағандығын, тұрақты отбасы барын, 2 бала тәрбиелеп отырған ана екендігін және алдағы уақытта жәбірленушілерге келтірілген шығындарды толық төлейтіндігін және оған жәбірленушілердің келісетіндігін негізге ала отырып, оның өтінішін қанағаттандырып, күдіктіге 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға келісті.

Байқоңыр қалалық сотының үкімімен сотталушы «Т» Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі 4) тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу және жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.

 Осыған орай, қала прокуратурасы қала тұрғындарының алаяқтардың құрбаны болмас үшін кез-келген күмәнді келісімдерден бас тарту қажеттілігін ескерте отырып, алаяқтардан сақ болуға шақырады.

Байқоңыр қаласының прокуратурасы