Прокуратураға тергеу қызметінің қайта берілуі үлкен сенім

03 тамыз 2015 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

1991 жылғы 16 желтоқсанда Елбасымыз қол қойған Конституциялық заңнан бастау алған азат Қазақстанның ең қастерлі құндылығы - ел тәуелсіздігінің биыл 24 жылдығы.

Тәуелсіздік алған мезеттен бастап Қазақстан өзінің қазіргі заман талабына сай құқықтық жүйесін және заңнамасын белсенді қалыптастырып келеді.

Егеменді еліміздің прокуратурасының тарихы 1991 жылдың 6-желтоқсанынан басталады. Себебі дәл осы күні, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі құрылды.

Қазақстанның егеменді, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуындағы бірден бір тарихи маңызды оқиға - 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған - ел Конституциясы еді.

Осы Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап берді. Сонымен бірге  прокуратураның тергеу органдары алдын ала тергеу жүргізу міндеттерінен босатылды.

Арада біраз жылдар өтті, республикамыздың мемлекеттік органдар мен мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай заманауи өзгерістерді талап ете бастады.

Прокуратура қызметінің маңызды салаларының бірі тергеу жүргізу функциясына келетін болсақ – тергеу сапасының төмендеуі, тергеушілер мәртебесінің жеткілікті деңгейде болмауы, олардың заңды түрде қорғалмағандығы, тергеу бөлімдері бар құзырлы органдар  басшыларының алдын ала тергеуге тікелей араласуы - бұл мамандықтың абыройын халық пен қоғам алдында төмендете бастады. Бұл өз кезегінде қазіргі қоғамның ең басты кеселі – қылмыстың ұйымдасқан және сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан түрлерімен күресуге кері әсерін тигізді.

Бұның бәрін тоқтату, мұндай жағдайды болдырмау және оны шешу үшін прокуратураның тек қана қадағалау құзыреттілігінің жеткілікті болмағандығынан, прокуратура органдарына қайтадан алдын ала тергеу құзыреттілігін беру қажеттілігі туындады.

Сол себепті, 2001 жылдың 16-наурызында 16.07.1997 жылғы редакциядағы қылмыстық істер жүргізу кодексінің 198-бабына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, аталған өзгеріске сәйкес ҚР Бас Прокуроры ерекше жағдайларда тергеудің толық және объективті емес фактілері анықталған кезде, іс күрделі және маңызды болғанда, алдын ала тергеуді жүзеге асырушы бірнеше органның тергеушілері арасынан тергеу тобын құру және осы топтың жетекшісі етіп прокурорды тағайындау құзыреттілігіне ие болды.

 Осы өзгерістер негізінде Бас Прокурордың 24.07.2001 жылғы №555 санды бұйрығымен арнайы прокурорлар басқармасы құрылды. Бұл басқарманың басты міндеті бұл тергеу топтарына басшылық етіп, тергеудің сапасын жоғарылатып, оның жан-жақты, толық және объективті жүргізілуін қамтамасыз ету болып айқындалды.

Заман талабына сәйкес көтерілген бастаманың оң нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізгендігі сараланып, бастама жалғасын табу үшін Бас Прокурордың 23.04.2007 жылғы №14/6 бұйрығының негізінде облыстық прокуратураларда тергеу топтарына басшылық ететін прокурордың аға көмекшісі лауазымы енгізілді.

Осындай сындарлы кезеңде, облыс прокурорының тергеу топтарына басшылық жасау жөніндегі аға көмекшісі лауазымы прокуратура органдарының тәжірибелі де, сауатты қызметкерлерінің бірі емес бірегейі болып табылатын, сол уақыттағы әділет кеңесшісі Асқаров Жалғас Қозыбекұлына жүктелді.

2009 жылдың шілде айында 16.07.1997 жылғы редакциядағы  қылмыстық іс жүргізу кодексінің 197-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, аталған өзгерістерге сәйкес  енді прокуратура органдарына ерекше жағдайларда тергеудің толық және объективті емес фактілері анықталған, іс күрделі және маңызды болған кезде, алдын ала тергеуді жүзеге асыруды прокуратура өз өндірісіне алуға құқылы екендігі бекітілді. Осыған орай, прокуратура органдарының тергеу жұмыстарын әрі қарай жетілдіру үшін облыстық прокуратураларда қосымша лауазымдар енгізілді.

ҚР Бас Прокурорының 15.04.2011 жылғы №36 санды бұйрығымен бекітілген «Прокуратура органдарында алдын ала тергеуді ұйымдастыру жөніндегі» Ереже талаптарына сәйкес «арнайы прокурор» ұғымы пайда болды.

Арнайы прокурор- өз құзыреттілігі шегінде, тікелей немесе тергеу топтарына басшылық жасау арқылы, қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу жүргізуге уәкілетті лауазымды тұлға.

Бүгінгі күні Қызылорда облыстық прокуратурасында үш қызметкерден құралған арнайы прокурорлар басқармасы нәтижелі қызмет атқаруда.

Атап айтқанда, арнайы прокурорлар басқармасының бастығы аға әділет кеңесшісі Ж.Асқаров және облыс прокурорының көмекшісі-криминалист, кіші әділет кеңесшісі Б.Нұрмағанбетов.

Облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы өз қызметін ҚР Бас Прокурорының 27.03.2015 жылғы №48 санды бұйрығымен бекітілген «Прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы»  Ереженің талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырады.

Прокуратура органдарына алдын ала тергеу жүргізу құзыреттілігін қайта берудің өзінің діттеген мақсатына жеткендігінің, яғни тергеу сапасының асқақтата жоғарылатындығының бір ғана айғағы – арнайы прокурорлар басқармасымен бүгінгі күнге дейін тергеліп, сотқа жолданған қылмыстық істердің бір де біреуі сотпен не прокурормен қосымша тергеуге қайтарылмаған, қылмыстық істер бойынша ақтау үкімдері қабылданбаған, барлық кінәлі тұрғалар заң талабына сәйкес өз жазаларын алып отырған және қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізген арнайы прокурорды жазалау туралы жеке қаулылар қабылданбаған.

Керісінше, қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеудің объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз еткен арнайы прокурорды мадақтау туралы жеке қаулы сотпен қабылданып, онда алдын ала тергеудің сапалы жүргізілгенін және тергеу барысында қылмыстық іс жүргізу заңының талаптары мен іс жүргізу мерзімдері қатаң сақталғанын атап өтіп, Бас прокуратураға хабарлаған.

Арнайы прокурорлардың тергеу өндірісіне қабылданатын қылмыстық істердің негізін қылмыстың ұйымдасқан және сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан түрлері, сонымен қатар, мемлекеттің экономикалық мүдделеріне елеулі залал келтірген, адамды азаптауға байланысты, күрделі және маңызды істер құрайтындығын ескерсек, бұл тергеу саласының өте жоғары деңгейге көтерілгенін дәлелдейді.   

Сөз соңында тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан прокуратурасының ең басты жетістіктерінің бірі–тергеу қызметінің қайта берілуі, яғни арнайы прокурорлар қызметінің пайда болуы, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына қамқорлықтың бірден-бір кепілі болып табылады.

 

Мұрат Баяхмет

Қызылорда облыс прокурорының

көмекшісі - арнайы прокурор 

бірінші сыныпты заңгер                                                                  

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу